Навигация

Баннеры

Информация

Новости

Жерді заң аясында пайдаланайық

Категория: Новости
Дата: 14.03.2017
Просмотры: 192 Печать страницы
*Өзекті мәселе
Жерді заң аясында пайдаланайық

 

Облыс бойынша жер қорының жалпы көлемі 22358,4 мың гектарды құрайды. Оның 8,6 млн. гектардан астамы ауылшаруашылығы маңызына ие десек, 1023,3 мың гектары егістік, 453,4 мың гектары суармалы алқап.. Жер қатынастарын реттеудің бірден-бір жолы жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау болып саналады. «Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы» (бұдан әрі – басқарма) ММ жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөнiндегi уәкiлеттi орган болып табылады.

Жер қатынастары саласындағы түйінді мәселелердің қатарына мемлекет меншігіндегі жерлерді өз бетімен басып алуды жатқызуға болады. Бұл мәселенің басқадай жер заңнамаларын бұзушылардан айырмасы – кең көлемде және жүйелі түрде сипат алуы мен жылда қайталанылуы. Бұл мәселені бағамдаған Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы «Жерді өз бетінше басып алуға қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері туралы» 2016 жылдың 3 қарашасында өткен алқа отырысында қабылданған хаттамалық шешімінің негізінде «Жер заң аясында пайдаланылсын – басып алуды тоқтатайық» жобасын (бұдан әрі – Жоба) жүзеге асыру бойынша негізгі тәсілдер мен ұсыныстарды мақұлдап, жергілікті жерлерде іске асыруға жолдады. Осы Жобаны жүзеге асыру бойынша жасалған іс-шаралар жоспарының 1.2.3. тармағына сәйкес облыс прокурорымен келісе отырып облыс әкімі бекіткен Алматы облысындағы жер заңнамаларын бұзып пайдаланушылар мен пайдаланбаушылардан жерді қайтарып алуды қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар іске кірісті.

Мұндағы мақсат – жергілікті атқарушы органдар мен «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес АҚ Алматы облысы бойынша филиалы – «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» департаментінің жер заңнамаларын бұзып пайдаланушылар мен пайдаланбаушылардың жер телімдерін зерделеп, мониторинг жүргізу, яғни облыс аумағын аралап шығу, жер телімін игеру мерзімін, нысаналы мақсаты мен мекенжайын анықтау, мүдделі мемлекеттік органдардан ақпараттар жинау болып табылады. Жол картасы бойынша атқарылған жұмыстардың есебі жарты жыл сайын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне, Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Қазақстан Республикасының Ауылшаруашылығы министрлігіне тапсырылады.

Жерді басып алуды қалай түсінуге болады?

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 12-бабының 27) тармағында меншік иесінің немесе жер пайдаланушының рұқсатынсыз бөтен жер учаскесін иелену, сондай-ақ мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскесін Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе жергілікті атқарушы органның тиісті шешімінсіз иелену – жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу деп танылады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-бабында жерге мемлекеттік меншік құқығын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген, бұл жерде мемлекеттiк жер учаскелерiн заңсыз иеленіп алу немесе айырбастау не жерге мемлекеттiк меншiк құқығын тiкелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау, сондай-ақ уақытша иеленген мемлекеттiк жердi уақытылы қайтармау – жеке тұлғаларға жетпіс бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жеті жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғатыны қарастырылған.

Мұнымен қоса жерге заттай құқықтарды бұзу бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 201-бабының 1. тармағында «...бөтен жер учаскесіне заңсыз кіріп кету, сол сияқты бөтен жер учаскесін заңсыз басып алу екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады» делінген. Мемлекет меншігіндегі жерді заңсыз иеленіп алу өзекті мәселенің біріне айналуда, яғни мемлекет қорындағы жерлерді өз бетімен иелену бойынша 2015 жылы 49 субьекті әкімшілік жауапқа тартылып, жер заңнамасын бұзушыларға әкімшілік іс қозғалып айыппұл салынып, заңсыз иеленген жерлерді қайтару жөнінде нұсқамалар берілген болса, 2016 жылы 17 субъект әкімшілік жауапқа тартылды. Бұған азаматтардың өзінің жер телімінен тыс 3,5,15 метрге дейінгі жерлерді қосып, қоршап алуы, бос жатқан жер деп автогараждарды орнатуы, тағы сол сияқты әрекеттерді жатқызуға болады. Басқарманың аудан, қалалалардағы мемлекеттік инспекторларының жер иеленушілерге жер заңнамасын түсіндіріп, тексеру жүргізу кезіндегі қажырлы еңбегінің арқасында 2016 жылы жерді өз бетімен басып алу оқиғалары айтарлықтай азайды.

Жер иеленушілер мен пайдаланушылардың назарын Кодекстің 164-1 бабына сәйкес заңсыз иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген әкімшілік жазалар қолданылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде босатуға және өз бетінше иеленіп алған жер учаскесінде салынған (салынып жатқан) құрылысты, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзі немесе өз есебінен бұзуды жүзеге асыруға міндетті екеніне аударғым келеді. Заң талаптарын білмегендік жауапкершіліктен құтқармайды. Барлық жер пайдаланушылар алған жер телімдерін жер заңнамасының аясында күтіп-баптап, нысаналы мақсатқа сай, қоршаған ортаға зиян келтірмей пайдаланулары қажет.

 
Нұрғали БАҚТОРАЗОВ,
Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы-мемлекеттік инспекторы.
Дизайн и разработка сайта от компании «Licon».
Создано на платформе Alison CMS © 2011-2017. Авторские права защищены законодательством Республики Казахстан.